Қасым-Жомарт Тоқаев король Виллем-Александрды Нидерландтың ұлттық мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта Король күні мерекесінде көрініс тапқан ұлттық ынтымақ пен бірлік құндылықтарының арқасында Нидерланд алдағы уақытта да өсіп-өркендей беретініне сенім білдірді.
Қазақстан – голландықтардың өнері мен мәдениетінде тамыр жайған қызғалдақтың түп отаны. Бүгінде ол халықтарымыз арасындағы достықтың символына айналды. Біз Нидерландпен арадағы уақыт тезінен өткен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз әрі қос халықтың игілігі үшін түрлі саладағы серіктестікті одан әрі нығайтуға бейілміз, – делінген хатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Виллем-Александрдың игі бастамаларына табыс, сонымен қатар король отбасы мен Нидерланд халқына бақ-береке тіледі.
