Қазақстанның ескекшілері Азия чемпионатын 16 медальмен аяқтады

Қазақстан құрамасы ескек есуден Хэфэй қаласында өткен Лос-Анжелес олимпиадасына рейтиңдік Азия чемпионатын табысты аяқтады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мәліметінше, шешуші жарыс күні отандастарымыз үш күміс және төрт қола медаль жеңіп алды.

Күміс жүлде иегерлері:

  • Бекарыс Раматулла (байдарка, 500 м)
  • Кирилл Тубаев (байдарка, 5000 м)
  • Стелла Суханова (байдарка, 5000 м)

Қола жүлде иегерлері:

  • Сергей Емельянов мен Руфина Искакова (каноэ, 500 м, микст)
  • Стелла Суханова (байдарка, 500 м)
  • Мария Бровкова (каноэ, 5000 м)
  • Қазақстан әйелдер құрамасы: Эвелина Костенко, Ольга Шмелёва, Татьяна Токарницкая, Стелла Суханова (байдарка, 500 м)

Айта кетейік, бұл жарыс жас спортшылар үшін де ерекше болды. Эвелина Костенко 16 жасында, ал Владислав Руденко 19 жасында ересектер арасындағы Азия чемпионатында дебют жасады.

Сонымен қатар Ольга Шмелёва мен Стелла Суханова турнирдегі ең көп жүлде алған спортшылардың қатарынан көрінді. Ольга бір алтын, екі күміс, бір қола жеңіп алса, Стелла бір алтын, бір күміс және екі қола медаль еншіледі.

Жалпы есепте Қазақстан құрамасы екі алтын, бес күміс және тоғыз қола медальмен үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды Қытай құрамасы иеленсе, екінші орын Өзбекстан еншісінде. Төртінші орынға Виетнам жайғасты.