Қазақстанда биыл жазда төлем жасауға арналған бірыңғай QR-код жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктер өз жүйелерін ортақ стандартқа келтіру үшін техникалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұған дейін әр банк QR төлемдерге арналған жеке экожүйесін қалыптастырып, қауіпсіздік шараларын енгізген.
Банктер бұл бағытқа қомақты инвестиция салды. Енді осы жүйелерді қауіпсіз әрі бір-біріне қолжетімді болатындай етіп біріктіру қажет. Бұл белгілі бір уақытты талап етеді, – деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысының сөзіне қарағанда, бірыңғай QR төлем жүйесін іске қосу биыл жазға жоспарланған. Бұл жаңашылдық азаматтарға кез келген банктің қосымшасы арқылы бірдей QR-кодты пайдаланып төлем жасауға мүмкіндік береді.
