Не болды?
Қасым-Жомарт Тоқаев 26 наурызды Арал теңізі, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күні деп жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Ақордада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының өңірлік экологиялық саммиті өтті. Оған Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердымұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев және қордың атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбай қатысты.
Экологиялық жағдай нашарлады
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Арал аймағындағы климаттың нашарлағанын айтты:
- жаздағы орташа температура 2–2,5 градус өскен;
- 100 км радиуста жауын-шашын жоқ;
- шаңды дауыл жиілеген.
Құрғап қалған Арал теңізі түбінен жыл сайын атмосфераға миллиондаған тонна тұз бен шаң көтеріліп жатыр. Ол алыс аймақтарға дейін таралып, экожүйе мен адамның денсаулығына зиян келтіріп отыр. Су ресурстарының 80%-дан астамы ауыл шаруашылығына жұмсалады.
Тянь-Шань мен Памир мұздықтарының азайғаны да қосымша қауіп төндіріп отыр. Өйткені Орталық Азиядағы судың басым көпшілігі сол мұздықтардан ағып келеді. Тоқаевтің айтуына қарағанда, экологиялық мәселелер біз қабылдап жатқан шаралардан әлдеқайда көп болып кеткен.
Оң нәтиже қандай?
Президент Солтүстік Аралды қалпына келтіру бойынша жеткен жетістіктерге тоқталды:
- су көлемі 18,9-дан 23,5 км³-ке дейін артқан;
- балық шаруашылығы жақсарған;
- өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы оңалған;
- Қазақстанда Арал геопаркі құрылды, қазір оны ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер желісіне енгізу жұмысы жүріп жатыр.
Ақпарат
Аралды құтқару халықаралық қоры – Арал теңізінің тартылуынан зардап шеккен өңірдің экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған Орталық Азия елдерінің бірлескен ұйымы.
Контекст
Естеріңізге салайық, Астанада өтіп жатқан өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттерді Каспий теңізін сақтауға бірігуге шақырды.
