Маңғыстауда нөсерден кейін 500-ден астам мал қырылып қалды

Маңғыстау облысында шаруалар жаппай мал қырылғаннан кейін шығынды өтеуді және өлекселерді жоюға көмек көрсетуді сұрап, билікке жүгінді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Lada.kz мәліметіінше, Қарақия ауданында нөсер жауын салдарынан жер батпаққа айналып, соның кесірінен мал шығынға ұшыраған.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, 20 сәуірде 237 бас мал қырылған. Оның ішінде 108 жылқы, бес құлын, 10 тай, екі түйе, бес бота және 107 қой мен ешкі бар.

Келесі күні тағы 316 мал өлген: 134 жылқы, тоғыз құлын, 19 тай және 154 қой мен ешкі. Осылайша, екі күн ішінде табиғи қолайсыздық салдарынан барлығы 553 бас мал шығын болған, — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта зардаптарды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Батпаққа айналған аумақтарды қалпына келтіру үшін техника жұмылдырылған.

Қарақия ауданында жердің шайылуы мен батпақтануына байланысты техника тартылды. Қазір мал басын есепке алу және тиісті актілерді рәсімдеу жұмысы жүріп жатыр. Актілер жасалып, жануарлар сәйкестендірілгеннен кейін ветеринарлық қызметпен бірлесіп өлекселерді жою жұмыстары басталады. Өтемақы мәселесі қолданыстағы заңнама аясында қаралады, – делінген әкімдіктің хабарламасында.

Шаруалар шығын көлемінің ауқымды екенін айтып, жедел көмек көрсетуді сұрап отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да