Алматыда жаңа қонақүйлер салынып жатыр

Алматыда қонақүй инфрақұрылымы қарқынды дамып, инвесторлардың бұл салаға қызығушылығы артып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Әкімдіктің мәліметінше, 2025 жылы жеке инвестициялар есебінен 48 туристік нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында қонақүйлер, хостелдер, глэмпиңдер мен демалыс базалары бар. Жалпы нөмірлік қор 941 бөлме болып, туристерді орналастыру мүмкіндігін кеңейтті.

Алматы қаласы, қонақүй
Фото: Алматы әкімдігі

70 қонақүй жобасы жүзеге асып жатыр

2026 жылы да саланы дамыту жалғасады. Жаңа нысандардың бірі – қайта жаңғыртудан кейін ашылған Zumma Hotel. Қонақ үйде 77 бөлме, конференц-зал және мейрамхана қарастырылған. Бұл қаладағы сапалы орналастыру сегментін күшейтеді. Қазіргі таңда Алматыда жалпы сыйымдылығы 7 763 бөлме болатын 70 қонақүй құрылысы жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оларды 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланған. Халықаралық брендтердің келуі де нарыққа жаңа серпін бермек. Алдағы жылдары Hilton Hotels & Resorts, Sheraton Hotels and Resorts, Radisson Hotel Group және Marriott International басқаруындағы қонақ үйлер ашылады, — делінген хабарламада.

Туристер санының артуы мен инвестиция көлемінің өсуі аясында Алматы саяхат және іскерлік сапарлар үшін заманауи әрі жайлы қала ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді.