Ақтауда ерлі-зайыпты блогерлерге қатысты интимдік сипаттағы видеоматериалдың таралуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ПД мәліметінше, видео WhatsApp арқылы таралған. Оқиғадан кейін жергілікті блогерлер полицияға шағым түсіріп, жеке бейнематериалдардың таралуына бұрын олармен жұмыс істеген мобилографтардың бірінің қатысы болуы мүмкін екенін айтқан.
Арыз түскен сәттен бастап жедел шаралар қолға алынып, жәбірленушілермен тұрақты байланыс орнатылған. Жедел-іздестіру нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. Ол – Ақтау қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық іс ҚР қылмыстық кодексінің 147-бабы бойынша қозғалған. Аталған бап жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу және жеке деректерді заңсыз таратуға қатысты жауапкершілікті көздейді, — делінген хабарламада.
Заңнама бойынша, мұндай құқықбұзушылық үшін айыппұл, түзету жұмыстары, қоғамдық жұмыстар немесе бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.
Айта кету керек, Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік 16 жастан бастап қарастырылады. Алайда ауырлығы мен мән-жайына байланысты сот тәрбиелік немесе өзге де баламалы шараларды қолдануы мүмкін.
