Нагиса Тацуми деген жапон авторы адамға зат сақтауға қатысты ойлау жүйесін өзгертуге көмектесетін тоғыз түрлі кеңес ұсынады. Baribar.kz сол кеңестердің біреуін өмірде қалай қолдануға болатынын түсіндіріп береді.

Ысырап жасағанға ұялу

Forbes басылымының жазуынша, жапон тілінде «моттайнай» деген сөз бар. Бұл — ысырап жасағаның үшін ұялуды білдіреді. Нагиса Тацумидің айтуынша, дәл осы сезім айналаңдағы артық заттан арылуды психологиялық күреске айналдырады.

Ондай күрес кезінде жылдар бойы пайдаланбаған затты қоқысқа тастау да дұрыс емес сияқты көрінеді. Тацуми мұны «жинау синдромы» деп атайды: әлденені жоғалтып алудан қорқу, өткенге байланып қалу, қауіпсіздікке ұмтылу.

«Бірден тастау» қағидасы

Автор «қажет емес затты қоқысқа кейін тастаймын» деп, оларға мүмкіндік беруді тоқтатуға кеңес береді. «Кейін лақтырамын», «әзірше тұра тұрсын», «ертең керек болып қалады» деген сөздерді ұмытыңыз.

Мыналарды бірден тастаңыз:

  • жарнама парақшасын;
  • түбіртек пен төлем шотын;
  • әріптес болуға, жарнама мақсатында компания берген сыйлықтарды (бренд логотипі бар, бірақ сізге қажетсіз күнтізбе, шыны, қалам, тб. заттар);
  • фотосуреттерді;
  • бір реттік тамақтанатын құрал (шанышқы, қасық, пышақ) мен соустарды;
  • сынған ыдысты, жазбайтын қаламды;
  • ескі техниканы (жаңасын алған болсаңыз);
  • қаптама, дорба, полиэтилен қалтаны;
  • касса түбіртегін;
  • қажетсіз жұмыс қағазын;
  • журналдарды;
  • тамақ қалдығын;
  • мерзімі өткен өнімді.

«Қажет болмаса, бірден қоқысқа жіберіңіз»

Жарнама. Сізге ұсыныс хат келді. Аштыңыз, жарнамадағы ұсыныс (тауар, қызмет, бағасы) ұнады. «Мынау жақсы екен» деп қалдырасыз. Алайда, оны сатып алу мен сол күйі қалап, қоя салу — екі бөлек дүние.

Шот пен банк құжаттары. Бұлардың да қажеттісін ғана алыңыз, қалғанын сол жерде қоқысқа тастаңыз.

Сыйлықтар. Ұнаса — қалдырыңыз. Ұнамаса — бірден тастаңыз немесе басқа адамға беріңіз.

Фотосурет. Сәтсіз, қажетсіз кадрларды бірден жойып отырыңыз. «Кейін қараймын» деп текке уақыт жоғалтпаңыз.

Қалған тамақ. Артық тамақ қалған кезде бірден шешім қабылдаңыз: кейін оны жейсіз бе, жоқ па. Жемейтін болсаңыз лақтырыңыз.

Мерзімі өткен өнімдер мен тоңазытқыштағы қажетсіз дүниелерден де уақытында арылып отырыңыз.

Зат өз міндетін атқарғаннан кейін кетуі керек. Сыйлықтың басты мәні — оны беруде. Оны үйде мәңгі сақтау да міндет емес. Сынған немесе қажетсіз заттар сіздің энергияңызды алып, көңіл-күйіңізді бұзады. Егер жаңа зат алсаңыз — ескісінен бірден арылыңыз. «Қажет болып қалар» деген оймен өз-өзіңізді алдамаңыз.

Бұл әдіс неліктен тиімді?

Әдетте адамдар «кейін» деп жататын сөз — үйдегі артық заттың жиналуына себеп. Басылымның жазуына қарағанда, бұл оқушының жазғы тапсырмасы сияқты. Тапсырманың бәрін жинап, тамыздың соңында орындауға қарағанда, күн сайын аздан оқыған оңай. Осы әдеттің арқасында әр затты саналы тұтынуды үйрене бастайсыз.

Анықтама

Нагиса Тацуми — жапон жазушысы, журналист, «артық заттан арылу» қозғалысының негізін қалағандардың бірі. Ол 1965 жылы Токио маңында дүниеге келген. 2000 жылы Suteru! Gijutsu («Тастау өнері») деген кітап шығарды. Кітап Жапонияда бестселлерге айналып, екі миллион таралыммен сатылды.