2026 жылғы 20 сәуір мен 6 мамыр аралығында Алматының сегіз ауданында жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Алматы жылу жүйесі» ЖШС мәліметінше, магистральдық және тарату құбырларын тексеру кезінде күн сайын таңғы 04:00 мен 07:00 аралығында қала тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес беріледі.
Сынақ жасаған кезде кей учаскеде су жер бетіне шығып кетуі немесе жол төсемі зақымдануы сияқты күтпеген жағдай болуы мүмкін. Мұндай кезде тұрғындарға қауіпті аумақтан дереу алыстап, өз бетінше әрекет етпеу және жауапты қызметтерге хабарласу керек, — делінген хабарламада.
Байланыс нөмірлері:
- «Алматы жылу жүйесі» ЖШС: 378-06-48, 378-06-62
- Call-орталық: 341-07-00, 341-07-77 (қосымша 1011, 1014)
- 109 қызметі
Сынақтар қала аумағының бірнеше бөлігінде өтеді. 20 сәуірден бастап Алатау, Алмалы және Бостандық аудандарының бірқатар көшесінде жұмыс жүрсе, 21–24 сәуір аралығында Әуезов, Медеу, Жетісу және Наурызбай аудандары қамтылады.
Айдың соңына қарай, 27–30 сәуір күндері қала орталығы мен шеткері аудандардағы негізгі магистральдарда сынақтар жалғасады. 5 мамырда Жетісу және Алмалы аудандарында қосымша тексеру жұмыстары жоспарланған.
Жауапты мекеме бұл іс-шаралар жылу желілерінің техникалық жағдайын тексеру және алдағы жылыту маусымына дайындық аясында ақаулы учаскелерді анықтау мақсатында жүргізілетінін атап өтті. Көрсетілген аумақтарда ыстық су беру тоқтатылмайды.
