Шымкентте алма бақтарына бөлінген 430 млн теңге жымқырылған

Шымкентте интенсивті алма бақтарын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жобаларды қаржыландыру «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жүзеге асырылған.

Тергеу деректеріне сәйкес, қордың бұрынғы басқарма төрағасы өзіне байланысы бар тұлғалар мен бақылауындағы ұйымдарды, соның ішінде Green Mart Kazakhstan ЖШС-ін тарта отырып, бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған. Тауарлар мен жұмыстарды сатып алу рәсімдері бұзылып, негізінен бір көзден алу тәсілі қолданылған. Нәтижесінде бәсекелестік қамтамасыз етілмей, жабдықтар мен құрылыс-монтаж жұмыстарының құны жасанды түрде өсірілген, ал кейбір жұмыстар іс жүзінде орындалмаған, — делінген хабарламада.

Агенттіктің мәліметінше, соған қарамастан, жалған қабылдау-тапсыру актілері рәсімделіп, сол құжаттар негізінде бюджет қаражаты аударылып отырған. Нәтижесінде мемлекетке 430 миллион теңгеден астам залал келтірілгені анықталды.

Сонымен қатар агроөнеркәсіп саласын қолдау аясында берілген инвестициялық субсидияларды заңсыз алу фактілері де тіркелген. Кооперативтер құрылып, солар арқылы бақтарды дамытуға және шығындарды өтеуге арналған өтінімдер берілген. Тергеу деректері бойынша, жалпы 327 миллион теңгеден астам қаражат аударылып, оның тек шамамен 20%-ы мақсатты түрде пайдаланылған. Қалған қаражат, яғни 250 миллион теңгеден астам сома қолма-қол ақшаға айналдырылып, мақсатсыз жұмсалған, — делінген хабарламада.

Сот санкциясымен жалпы ауданы 108 гектар болатын, құны 1 миллиард теңгеден асатын жер телімдеріне тыйым салынды. Күдікті қамауға алынып, іс сотқа жолданды.

Айта кетейік, осы іс бойынша бұған дейін Green Mart Kazakhstan басшылығы мен бірқатар тұлғалар сегіз жылға бас бостандығынан айырылған болатын.