Енді Алматыда туристер тауға шықпас бұрын тіркеуден өту қажет

Алматыда тауға шығатын туристерді міндетті тіркеу жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Алматы қаласы туризм басқармасының туристік инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Ерғалиевтің айтуынша, жаңа бастама қауіпсіздікті арттыру және оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында қолға алынған. Жоба Алматының төтенше жағдайлар департаменті мен Алматы альпинизм федерациясымен бірлесіп әзірленіп жатыр.

Қазіргі таңда қала аумағында 1000 шақырымнан астам тау маршруты цифрландырылған. Оның 850 шақырымы абаттандырылып, бағыттаушы белгілер, навигациялық көрсеткіштер орнатылған. Сонымен қатар демалыс аймақтары мен қауіпсіздік элементтері жабдықталған. Былтыр 100 шақырым тау соқпағы абаттандырылса, биыл тағы 350 шақырымды қамту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, төтенше жағдайларда құрылғыларды қуаттауға арналған күн панельдері бар кемпиң аймақтары да жасалған, — деді Дәурен Ерғалиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Вадим Пактың айтуынша, таудағы оқыс оқиғалардың басым бөлігі туристердің дайындықсыз шығуынан болады.

Оның айтуынша, көп жағдайда адамдар ауа райын, маршруттың күрделілігін ескермейді және дұрыс жабдықталмайды. Сондықтан сапар алдында бағытты жоспарлап, қажет құрал-жабдықтарды алып шығу маңызды.

Құтқарушылар тауға шығар алдында жақындарына маршрутты хабарлап, өзімен бірге дәрі қобдишасы, су, азық-түлік және жылы киім алуға кеңес береді. Сонымен бірге навигацияны пайдалану мен ауа райын алдын ала тексеру қажет. Жабайы жануарлармен кездескен жағдайда сабыр сақтап, оларды үркітпеу және арақашықтықты сақтау керектігі ескертілді, — деді Вадим Пак.

Мамандардың пікірінше, туристерді міндетті тіркеу мен қауіпсіздік ережелерін сақтау таудағы демалысты қауіпсіз етіп, төтенше жағдайлар санын азайтуға мүмкіндік береді.