Капсула, гель, ампула: Алматыда мерзімі өткен дәріні қайда тапсыруға болады?

Алматы тұрғындары 2026 жылғы 15–16 сәуірі күндері өтетін қолданылмаған әрі жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмек қабылдауға арналған экологиялық науқанға қатыса алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Акцияны Eco Almaty ЖШС мен ECO Network экологиялық ұйымы Алматы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Дәрі-дәрмекті 36 экобокс қабылдайды

Іс-шара «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өтеді. Қала тұрғындары ескі дәрі-дәрмекті емханаларда орнатылған арнайы контейнерге – экобокстарға тапсыра алады. Қазіргі таңда Алматыдағы медицина мекемелерінде осындай 36 экобокс тұр. Науқанның мақсаты – қоршаған ортаға қауіпті заттардың таралуының алдын алу және медицина қалдығын қауіпсіз жою, — делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмекті тұрмыстағы қоқыспен бірге тастауға немесе кәріз жүйесіне төгуге болмайды. Бұл топырақ пен су көзінің ластануына, антибиотиктерге төзімнің артуына әкелуі мүмкін.

Қандай дәріні тапсыруға болады?

Қолданыстағы заң бойынша, мұндай препараттар арнайы лицензиясы бар ұйым арқылы жойылуға тиіс. Көбіне жоғары температурада өртеу әдісі қолданылады. Науқанда таблетка, капсула, май, крем, гель, ампула, құты, шәрбат және сұйық ерітінді қабылданады. Ал шприц, ине, жүйе, мақта, бинт және қан тиген басқа да медицина қалдығы қабылданбайды, — делінген хабарламада.

Дәрі-дәрмек тапсырарда оны тығыз қаптамаға салып орау керек. Науқанға қатысатын емханалар тізімі қаланың экологиялық бастамасының ресми парақшасында жарияланған.

Ал былтырғы тізім мына жерде тұр.