Ішкі істер министрлігі 30 наурыз бен 3 сәуір аралығында елімізде «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ІІМ мәліметінше, іс-шараның негізгі мақсаты – есірткі және психотроптық дәрілердің заңды айналымын бақылау. Нәтижесінде әсері күшті дәрілерді заңсыз сату бойынша 16 қылмыстық іс қозғалған.
Тексеріс барысында мыңнан астам медициналық мекеме мен 300 кәсіпорын қамтылып, 209 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Сонымен қатар 500 мыңнан астам дәрі-дәрмек пен 1,5 мың тонна прекурсордың заңсыз айналымына шектеу қойылды. Заң бұзушылықтарға жол берген 73 кәсіпорын басшысы жауапкершілікке тартылып, 136 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жиналған. Дәріхана қызметкерлеріне қатысты 13 қылмыстық іс тіркелген, — делінген хабарламада.
Жекелеген өңірлерде де заң бұзушылықтар анықталды. Мәселен, Алматы қаласында рецептісіз дәрі сатқан төрт дәріхананың фармацевтеріне қатысты қылмыстық істер қозғалды. Ақтөбеде ірі фармацевтикалық мекемеден 400 мың дәрі тәркіленді.
Ал Түркістан облысында 100 тонна күкірт қышқылы арнайы күзетсіз тасымалданғаны анықталса, Абай облысында 680 тонна прекурсорды тасымалдау ережесі бұзылған.
ІІМ өкілдері мұндай заң бұзушылықтар қоғам үшін қауіпті екенін ескертіп, заң аясында жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Ведомство бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеді.
