2026 жылы Алматыда 440 нысан жарықтандырылады

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды төрағалық еткен кеңесте сыртқы жарықтандыру жүйесін дамыту және жаңғырту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұрын жарықтандырылмаған 1189 учаске жарықпен қамтылып, 12 мыңнан астам шам орнатылған. Сонымен қатар 15,5 мыңнан астам ескі жарық нүктесі жаңартылып, 80-нен астам көшеде жарықтандыру желілері жаңғыртылды. Бұдан бөлек, қаладағы 420 нысан сәулеттік жарықтандырумен қамтылды.

Алматы қаласы, түнгі Алматы, жарық, шам, көше
Фото: Алматы әкімдігі

Жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, 12 мыңға жуық жаңа шам орнату, 2 мың жарық бағанасын қою және 126 шақырым жарықтандыру желісін тарту көзделген. Сонымен бірге шамамен 30 мың шамды жөндеу және жарықты басқару жүйелерін жаңғырту жоспарланып отыр. Қалада ғимараттарды сәулеттік жарықтандыруға да ерекше назар аударылып жатыр. Жалпы саны 440-тан астам нысанды қамтитын жобаларды 2026 жылы толық аяқтау жоспарланған, — делінген хабарламада.