Президент боксшыларды Азия чемпионатындағы жеңісімен құттықтады

Президент бокстан ұлттық құраманы Ұлан-Батыр қаласында өткен Азия чемпионатындағы табысты өнерімен құттықтады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мемлекет басшысы қазақ боксшылардың жалпы командалық есепте бірінші орын иеленіп, отандық бокс мектебінің жоғары деңгейін дәлелдегенін атап өтті.

Президент құттықтауында жеңіс тұғырына көтерілген спортшылардың еңбегіне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, Оразбек Асылқұлов, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай, Надежда Рябец және Дина Исламбекова секілді спортшылардың ортақ жеңіске қосқан үлесі атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ былғары қолғап шеберлеріне алдағы халықаралық жарыстарда да ел намысын абыроймен қорғап, көк байрақты биікте желбірете беруіне тілектестік білдірді.

Еске салайық, Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы есепте бірінші орын алып, 13 медаль еншіледі. Оның ішінде алты алтын, екі күміс және бес қола жүлде бар.