Не болды?
7 наурыз күні АҚШ-тың Охайо штатында Hyundai Palisade көлігіндегі автоматты жиналатын орындықтың кесірінен бала қаза тапты. Қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан азаматтары да өз Hyundai көлігіндегі жүйе қаншалық қауіпсіз екенін тексере бастады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
АҚШ-тағы қайғылы оқиғадан кейін Hyundai Motor Company-дің Солтүстік Америкадағы бөлімшесі осы модельді уақытша сатпай қойған. Орындық бүктеу механизмінде орындықтың арқасы адамға немесе затқа тиген кезде бүктеуді тоқтататын датчиктер дұрыс істемей қалған. Соның кесірінен компания АҚШ пен Канададағы клиенттерінен 69 060 автокөлікті қайтарып алған.
Осы жағдайдан соң қазақ автоблогер Қуандық Мағзам жүйенің жұмысын өз бетінше тексеріп көрді. Орындыққа ойыншық қойып, бүктеу механизмін іске қосып көрген.
Қараңыздаршы, достар, ешқандай реакция жоқ. Шынымды айтсам, таң қалып тұрмын. Бұл өте қауіпті. Біреу белдік тағып отырған баланы көрмей, жүк салу бөлігіндегі батырманы басып қалса, орындық баланы қысып тастайды, — деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Компания не дейді?
Hyundai Auto Kazakhstan компаниясы елдегі автокөлік иелерінен мұндай шағым түспегенін мәлімдеп отыр.
Қазіргі таңда Қазақстанда екінші және үшінші қатардағы орындықты басқару жүйесінің дұрыс істемейтініне қатысты арыз-шағым тіркелген жоқ, — деп хабарлады компания.
Өндірушінің мәліметі бойынша, былтырғы тамыз айынан биылғы наурызға дейін орындықты бүктеу жүйесіне қатысты 17 шағым түскен. Оның төртеуінде жолаушылар жеңіл жарақат алған.
Hyundai Motor Company жүйенің кедергіге реакциясын жақсарту және қауіпсіздікті арттыру үшін наурыз айының соңына дейін көлік бағдарламалық жасақтамасын жаңартуды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Анықтама
Hyundai Palisade 2026 — 2026 жылдан бастап сатыла бастаған, жетегі алдыңғы, үш қатарлы (жеті-сегіз орын) отбасылық көлік.
