Жаңа Конституцияны түсіндіру бойынша 36 іс-шара өтеді

Қазақстанда Конституцияны түсіндіру және халыққа жеткізу бойынша ауқымды іс-шаралар жоспары қабылданды. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Құжат бойынша, елде үш негізгі бағыт бойынша 36 іс-шара өтеді. Ұйымдастырушылық іс-шаралар аясында Конституция мәтіні басылып шығарылады, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтар үшін бейімделген форматта дайындалады. Сонымен қатар Конституция электрон платформаларда қолжетімді болады.

Ғылыми-сараптамалық қамтамасыз ету, ақпараттық-көрнекі безендіру, тақырыптық материалдар шығару, көрме және ағартушылық жобаларын жүзеге асыру да жоспарға енгізілген.

Халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Оқыту семинарлары мен білім беру іс-шаралары өткізіліп, мектеп пен жоғары оқу орындары бағдарламалары жаңартылады. Сонымен қатар «Құқық негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары, әдістемелік материалдар мен балалар басылымдары әзірленеді, — делінген хабарламада.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында кешенді медиа-жоспар іске асырылады. Конституцияның жүзеге асырылуын құқықтық қамтамасыз ету шаралары, соның ішінде заңнамалық түзетулер мен стратегияларды жаңарту да қарастырылған.