ҚР премьер-министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев пен облыс әкімі Нариман Төреғалиев Оралдағы жылу электр орталығында болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
БҚО әкімдігінің мәліметінше, жуырда мұнда Hitachi компаниясының газ турбиналық қондырғысы күрделі жөндеуден кейін қайта іске қосылған. Қуаты 28,5 МВт болатын бұл қондырғы 20 жыл бұрын орнатылған. Техникалық жөндеу жұмыстары кестеден кешіккенімен, өңір басшылығының араласуымен мәселе шешімін тапты.
2023 жылы Батыс Қазақстан делегациясы Жапонияға барып, турбинаны өндіруші зауыт өкілдерімен келіссөздер жүргізген. Нәтижесінде қосалқы бөлшектерді дайындау және жеткізу бойынша келісімшарт жасалған. Күрделі жөндеу жұмыстарын атыраулық компания жүзеге асырды.
Сапарда үкімет басшысының кеңесшісіне 2023–2025 жылдарға арналған инженерлік желілерді жаңарту бойынша өңірлік жол картасының орындалуы, биылғы жоспарлар және энергетика мен коммуналдық секторды жаңғырту барысы таныстырылды. Сонымен қатар делегация «Жайықжылуқуат» АҚ-ның материалдық-техникалық қамтамасыз ету қоймасында болып, құрылыс материалдарының сапасын тексерді.
Бұдан бөлек, Бәйтерек ауданы аумағында жерасты сулары кен орнының сужинағыш құрылыстарын қайта жаңғырту жобасы таныстырылды. Құны 12,4 млрд теңге болатын жоба толық жүзеге асқанда, 360 мың абонент сапалы ауызсумен қамтылмақ. Қазіргі таңда құрылыс алаңында екі резервуар салынып жатыр.
Кездесуде кейбір маңызды жобалардың қаржыландыру мәселесіне байланысты кешігуі мүмкін екені айтылды. Ермек Маржықпаев бұл мәселені уәкілетті органдар деңгейінде қарастыруға уәде берді.
Өңірде кейінгі үш жылда жалпы құны 13 млрд теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асырылып, 6 мың шақырымға жуық электр желісі жаңартылды. Сонымен қатар екі жаңа қосалқы станса мен өндірістік жөндеу базасы салынды.
Кеңесшіге ұзындығы 138 шақырым болатын электр желілерін жаңғырту жобасы да таныстырылды. Жоба аясында «Зачаган – Переметный», «Переметный – Тасқала» және «Чапаев – Қабыршақты» бағыттарында 110 кВ әуе желісі тартылып жатыр. Қазіргі таңда екі кезеңі аяқталып, үшінші кезең бойынша жұмыстар жалғасуда.
