«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қазақстандағы республикалық маңызы бар автожолдардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет таратты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
2026 жылғы 31 наурыз сағат 08:00-дегі жағдай бойынша Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46-66 шақырым аралығында (Осинов асуы) барлық көлік түрі үшін қозғалыс қайта ашылды.
Сонымен қатар ауа райы мен су тасқынына байланысты бірқатар өңірде жол қозғалысына шектеу енгізілді.
Солтүстік Қазақстан облысында «Тимирязево – Сарыкөл – Қостанай облысының шекарасы» автожолының 0-30 шақырым аралығы (Тимирязево ауылы мен Қостанай облысының шекарасы арасында) жабық.
Павлодар облысында «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолында Қалқаман жол айрығынан Қалқаман кентіне кіру және Астанаға шығу бағытында қозғалыс шектелген.
Ал Қостанай облысында су тасуына байланысты «Мариновка ауылына кіреберіс» автожолының 0-9 шақырым аралығында барлық көлік түрлері үшін қозғалыс тоқтатылды. Су деңгейінің ені 70 метрге, биіктігі 20 сантиметрге жеткен. Сонымен қатар, шектеу Ресей аумағындағы жолдардың жабылуына да байланысты енгізілген.
Жүргізушілерге жолға шығар алдында бағыттарын нақтылап, жол жағдайын ескеруге кеңес беріледі.
