Алматыда Жамақаев көшесінің бір бөлігі уақытша жабылады

Алматыда жол жөндеу жұмыстарына байланысты Жамақаев көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қала әкімдігінің мәліметінше, 27 наурыз сағат 23:00-ден 30 наурыз сағат 06:00-ге дейін Нұрлыбаев көшесінен Иванилов тұйығына дейінгі аралық толықтай жабылады. Осы кезеңде аталған учаскеде барлық көлік түрлерінің қозғалысына тыйым салынады.

Жүргізушілерге балама бағыт ретінде Нұрлыбаев көшесі, Иванилов көшесі және Иванилов тұйығы арқылы айналып өту ұсынылады. Жөндеу жұмыстары жүргізілетін аумақта ескерту жол белгілері орнатылып, мердігер ұйым басшысының байланыс деректері көрсетілген ақпараттық тақталар орналастырылады, — делінген хабарламада.

Қала билігі тұрғындар мен жүргізушілерден маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұрайды.

Еске салайық, Алматыда Жароков көшесі жөндеуге жабылады. Жол жөндеу жұмыстары 2026 жылғы 26 наурыз бен 5 сәуір аралығында жүргізіледі.