Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийге салтанатты түрде «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын табыстады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Президенттің резиденциясындағы бұл кездесу жыры шырайда, нағыз еңбек адамына деген құрметпен өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен әлем альпинизмінде аты аңызға айналған тұлғамен жүздескеніне қуанышты екенін атап өтті.
Өзіңіздің зор қажыр-қайратыңыз бен аса жоғары кәсібилігіңіздің арқасында Қазақстан Республикасының көк Туы Жер шарының асу бермес асқарларында желбіреді. Әлемнің ең биік нүктелерін бағындырған тәжірибелі шыңға өрмелеуші, халықаралық турнирлердің жеңімпазы ретінде дүние жүзіне даңқыңыз жайылды. Эверестке шығып, беделді «Жеті шың» клубына мүше болған алғашқы Қазақстан азаматы атандыңыз. Сізді елімізде альпинизм мектебінің негізін қалаушы ретінде құрметтейді. Отандық мектеп Қазақстанның жаһандық брендіне айналды. Талап мен тәртіпті қатар қоятын талантты бапкерден бір шоғыр альпинист-спортшылар тәлім алды. Олардың қатарында әлем рекордын жаңартқан, чемпион атанған, халықаралық альпинизм қозғалысының элитасына кірген мықтылар баршылық. Бапкерлікпен шұғылданған уақыт ішінде жүзден астам спорт шеберін даярладыңыз. Шәкірттеріңіздің арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, тіпті, еңбек сіңірген спорт шеберлері де бар. Сіздің жетекшілігіңізбен Қазақстан құрамасы әлемде бірінші болып биіктігі 8 мың метрден асатын барлық 14 шыңға шықты. Мұның өзі бірегей жетістік саналады. Спортшыларымыз альпинизмнің сіз қалыптастырған даңқты дәстүрін жалғастырып, көптеген халықаралық сайыстан табысты оралып жүр, – деді президент өз сөзінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Тихоновичтің асыл қасиеттері мен адамдарға, әсіресе, альпинистерге деген шынайы қамқорлығына таңданыс танытып, бұл сөзіне нақты мысал да келтірді.
Президент сонымен қатар салтанатты іс-шарада даңқты альпинистің шәкіреттері де оның ізін басып, толағай табыстарға жетіп жүргенін және бұл мақсатқа жетуде Ерванд Ильинскийдің орасан жұмыс атқарғанын айтып берді. Және президент мемлекет пен демеушілердің қаржысын тарта отырып, альпинизмді спорт және заманауи тау туризмінің бір түрі ретінде жан-жақты дәріптеу үшін нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Сөз соңында ол альпинистке амандық пен саулық тіледі.
Жастар табанды әрі өнімді еңбек әрдайым лайықты бағасын алатынын көруге тиіс. Табыстың оңай келмейтінін түсінгені жөн. Еңбек – бәрін жеңбек. Мейлі, спортта, бизнесте, білімде, ғылымда, далалық жұмыста не зауытта болсын, өз ісіне шын берілген, көздеген мақсаты айқын адамдар өмірлік мұратына жетеді. Құрметті Ерванд Тихонович Ильинский сияқты азаматтар – қоғамның тірегі, ерлік пен еңбекқорлықтың, төзімділіктің жарқын үлгісі. Сондықтан мен сізге альпинизмдегі аса үздік жетістіктеріңіз, сонымен қатар ел спортының дамуына қосқан елеулі үлесіңіз және белсенді қоғамдық қызметіңіз үшін жоғары ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Бүгін осы награданы өзіңізге зор құрметпен тапсырамын. Ерванд Тихонович, сізге мықты денсаулық, бақ-береке, мол табыс тілеймін! Альпинистер арасында «Аман жүріңіз!» деген сөз жиі айтылады. Сізге және жаныңызда жүріп, серік болған шәкірттеріңізге осы тілекті арнағым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
