Әскерилер асханадағы ас мәзіріне электрон жүйе арқылы баға береді

Қазақстан ұлттық ұланының әскери қызметшілері асханалардағы тамақтану сапасын электрон жүйе арқылы бағалай алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ұлттық ұлан қатарында сарбаздарды сапалы тамақтандыру жүйесін жетілдіруге арналған дөңгелек үстел өтті. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында әзірленген жаңа пилоттық жоба таныстырылды.

Жобаның негізгі мақсаты – сарбаздардың күнделікті тамақтану сапасын арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін күшейту, асхана жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және адам факторынан туындайтын тәуекелдерді азайту, — делінген хабарламада.

Іс-шараға қатысқан ішкі істер министрінің орынбасары – ұлттық ұланның бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков әскери қызметшілерді сапалы тамақтандыру маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жиында әскердегі азық-түлікпен қамту жағдайы мен асханаларды тексеру нәтижелері де талқыланған.

Қазіргі таңда аппараттық-бағдарламалық кешен пилоттық режимде 5573 әскери бөлімінде енгізілген. Жүйенің ерекшелігі – сарбаздар асханадағы тағам сапасын арнайы электрон панель арқылы жедел бағалай алады. Бұл бағалар бірден жеткізушілер мен басшылыққа жолданып, кері байланыс қамтамасыз етіледі. Жоба нәтижелері биылғы тамыз айына дейін сараланып, тиімділігі дәлелденсе, басқа әскери бөлімдерге енгізу жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.

5573 әскери бөлімінің кіші сержанты Нұралы Жазиттің айтуынша, жаңа жүйе сарбаздарға өз пікірін ашық білдіруге мүмкіндік береді және тамақ сапасының жақсаруына ықпал етіп жатыр.