75%-ға дейін: зейнетақы жинағын басқару тәртібі өзгеруі мүмкін

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты басқару тетіктеріне қатысты ұсынылған өзгерістерді түсіндірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Депутаттың айтуынша, азаматтардың зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияларға беру – міндетті емес, ерікті құқық. Қазіргі таңда әрбір Қазақстан азаматы табысының 10%-ын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры шотына аударады, ал бұл қаражатты негізінен Қазақстан ұлттық банкі басқарады.

Сонымен қатар азаматтарға жинақтарының 50%-ына дейін бөлігін жеке басқарушы компанияларға беру мүмкіндігі бар. Бұл табыстылықты арттырып, инвестициялық тәуекелдерді әртараптандыруға бағытталған. Алайда бұл мүмкіндік әзірге кеңінен қолданылмай отыр.

Ұсынылып отырған негізгі түзетулердің бірі – осы шекті 50%-дан 75%-ға дейін ұлғайту. Екінші өзгеріс – азаматтарға өз қаражатын икемді басқаруға мүмкіндік беру. Яғни жинақтың бір бөлігін қауіпсіз, консервативті құралдарға, ал бір бөлігін жоғары табысты, бірақ тәуекелі жоғары активтерге салуға жағдай жасау. Ақша тек жатып қалмай, жұмыс істеуге тиіс. Бұл азаматтарға өз жинағын тиімді басқаруға мүмкіндік беретін әділетті жүйеге жасалған қадам, — деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, бұл өзгерістер «бәрі немесе ештеңе» қағидатынан бас тартып, саналы әрі теңгерімді инвестициялық шешім қабылдауға жол ашады.