Алматы метрополитені жетондардан бас тартып, қағаз билеттерге көшіп жатыр. Қала тұрғындары метродағы жаңа турникеттерге шағымданды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тұрғындардың айтуынша, құрылғылар билеттерді 20–30 секундқа дейін оқиды, соның салдарынан станцияларда кезек пайда болып жатыр.
Жетон орнына QR-билет
Әкімдіктің мәліметінше, метрополитенде турникеттерді жаңғырту жұмыстары басталған. Жоба аясында әртүрлі төлем тәсілдерін қабылдайтын әмбебап турникеттер енгізіледі.
Жаңа құрылғылар QR-коды бар қағаз билеттерді, банк карталарын, Apple Pay, Samsung Pay және басқа да төлем тәсілдерін қабылдайды. Жоба жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және турникеттер маңындағы кептелісті азайтуға бағытталған. QR-код пен жетонды оқу уақыты бірдей. Қазіргі уақытта мамандар жабдықтардың жұмысын тұрақты бақылап, ақаулар анықталған жағдайда жедел шара қабылдап жатыр, — делінген хабарламада.
Жаңа турникеттер не үшін орнатылды?
Жетондардан бас тарту бірнеше себепке байланысты болған. Атап айтқанда:
- механикалық бөлшектердің жиі істен шығуы;
- қосалқы бөлшектердің тапшылығы және қымбаттығы;
- «Оңай» және Avtobys жүйелерімен QR-код арқылы біріктіру мүмкіндігі.
Қағаз билеттер бір реттік сапарға арналған және басқа төлем тәсілі болмаған жағдайда қолданылады. Қазіргі таңда метрополитендегі турникеттердің 50%-дан астамы жаңғыртылған. QR-коды бар қағаз билеттер қаланың барлық станциясында енгізілген.
