Елде шетел студенттерінің саны 100 мыңға дейін жетуі мүмкін

Қазақстанда жоғары білім беру жүйесінде ауқымды өзгерістер жоспарланып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, елдегі шетел студенттерінің санын 100 мыңға дейін жеткізу және отандық университеттерді халықаралық стандарттарға бейімдеу көзделген. Қазіргі таңда Қазақстанда 35 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жатыр.

Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында министр бұл мақсатқа жетудің негізгі жолы ретінде әлемдік жетекші университеттердің филиалдарын ашуды атады.

Президенттің тапсырмасымен біз тек бірнеше ЖОО-мен шектелмей, әр өңірдегі мемлекеттік университеттер базасында шетелдік оқу орындарының бөлімшелерін ашуды жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Мысалы, Астана қаласында Cardiff University филиалында IELTS көрсеткіші 7,5-тен жоғары 317 студент білім алып жатыр. Сонымен қатар Heriot-Watt University мен Қ.Жұбанов атындағы университет арасындағы төрт жылдық ынтымақтастық та оң нәтиже берген.

Министрдің сөзіне қарағанда, шетелдік серіктестік жергілікті университеттердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бейімдеу кезеңі шамамен 5–10 жылға созылады.

Кейінгі бес жылда білім гранттарының саны екі есеге артып, жыл сайын 90 мыңнан астам деңгейде сақталып келеді.