Қоғамның дамуы мен болашағы жастардың белсенділігіне де байланысты. Бүгінгі жастар тек өзінің жеке жетістігімен шектелмей, қоғамдағы өзекті мәселелерге мән беріп, оларды шешуге үлес қосып келеді.
Осындай жастардың бірі – Жалғас Серікболұлы. Ол Сүлеймен Демирел атындағы университеттің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жүрген 3-курс студенті. Бірнеше республикалық айтыстың бас жүлдесін алған. «Хас» өлеңдер жинағының, үш жыл бұрын жарық көрген «Аққұйын», «Аққұйын 2» қысқа әңгімелер жинағының авторы, «Асау» кітап баспасының басшысы.
Baribar.kz тілшісі Жалғас Серікболұлымен жастардың қоғамдағы орны мен маңызы туралы әңгімелесті.

«Көңіл қалатындай емес, толатындай болып отыр»
Жалғас әлеуметтік желісідегі парақшасына қоғамдағы өзекті тақырыптарға жиі пікір жазып отырады. Оның айтуына қарағанда, қазіргі жастар айтарлықтай белсенді. Сондай белсенді жастар — қоғамның қозғаушы күші.
Жастардың санатына өзім де жатамын. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда жастардың белсенді екені көңіл қалатындай емес, қайта көңіл толатындай жағдай болып отыр. Не дегенмен әлеуметтік желі бар, ашық пікір алаңдары бар, — дейді Жалғас.
Қазіргі жастардың белсенді болуы бар да, өз күш-жігерін теріс істерге арнайтындарғы тағы бар. Жалғас Серікболұлының пікіріне қарағанда, жастықтың отын жасампаз іске арнау үшін табандылық керек екен.
Ел мен ар алдындағы жауапкершілік
Жалғас Серікболұлы – жан тебірентер, кейде терең ойдың тұңғиығына тартып әкетер өлеңдер мен қысқа әңгімелер авторы. Кейінгі жылдары «Оян» студенттік театрының қойылымдарына арнап мәтін жазып жүрген драматург.
Оның айтуына қарағанда, жастарды өнерге немесе қоғамдық іске тарту үшін ел мен ар алдындағы жауапкершілікті түсіндіру керек.
Адамның нағыз жалындап, жанатын шағы – студенттік шақ. Қазір мінберде сөйлеп жүрген не жақсы лауазымы бар біраз адамның ең көп кітап оқыған уақыты — сол студенттік шағы. Одан кейінгі тұрмыстағы өмір, қарбаласқа толы кезең жармаса жұтпаса, үнсіз рухани құлдыратады. Сонда өзім де сынбай, екі аяғыма нық тұру үшін осы төрт жылымда барынша оқу мен ізденіске көңіл бөліп жүрмін. Нәтижесін тағдыр көрсетер, — дейді Жалғас Серікболұлы.
«Жалаң ойға иланатын дәуір өтті»
Кейбір жастар қабілетін толық аша алмай жатады. Жалғастың айтуына қарағанда, бұған себеп тәуекелдің жетіспеуі.
Тәуекел керек. Өзін әр істе байқап көру керек. Сонда адам қабілетін ашып қалар. Бәрібір де “ұнамады, қолымнан келмейді” деген жалаң ойларға иланатын дәуір өтті, — дейді ол.
