26 наурызда Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы күрт өзгеріп, бірқатар өңірде қолайсыз құбылыстар күтіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Қазгидромет» мәліметінше, ел аумағында тұман, көктайғақ, күшті жел, шаңды дауыл және найзағай секілді қауіпті құбылыстар байқалады.
Астана қаласында түнде және таңертең тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Бұл жағдай көлік қозғалысын қиындатуы мүмкін.
Алматы облысы мен Іле Алатауы аумағында шығыстан соғатын желдің екпіні 18-23 м/с-қа дейін жетіп, кей сәттерде 28 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал. Ұқсас жағдай Жетісу облысы аумағында да сақталады: таулы өңірлерде тұман түсіп, Алакөл маңында жел 23-28 м/с-қа дейін күшейеді.
Батыс өңірлерде де ауа райы тұрақсыз. Маңғыстау облысы аумағында жаңбыр мен найзағай күтіліп, тұман мен шаңды дауыл болуы мүмкін. Атырау облысы аумағында да тұман түсіп, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Ал Түркістан облысы мен Қызылорда облысы аумақтарында шаңды дауыл күшейіп, жел 15-20 м/с-қа дейін барады. Жамбыл облысы аумағында да ұқсас жағдай сақталып, таулы аудандарда тұман мен қатты жел болжанады.
Солтүстік және орталық өңірлерде көктайғақ қаупі жоғары. Қостанай облысы, Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар облысы, Қарағанды облысы және Ұлытау облысы аумақтарында тұман түсіп, жолдар мұзға айналуы мүмкін.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысы аумақтарында да тұман мен көктайғақ болжанып отыр. Кей жерлерде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақ болуға, әсіресе жолда аса мұқият болуға шақырады.
