Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуетімен танысты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ҚазҰУ ректоры – басқарма төрағасы Жансейіт Түймебаев мемлекет басшысына Инновациялық өнімдер орталығының және Farabi Hub-тың жоғары технологиялық жобаларын көрсетті.
Хаб экономиканың нақты секторына инновациялық әзірлемелер енгізуді көздейтін заманауи платформа ретінде құрылған. Оның базасында креативті индустрия, жасанды интеллект пен стартап жобалары іске асырылады. Осы арқылы 300 жаңа жұмыс орны ашылып, 20 миллион доллардан аса инвестиция тартылды, — деп жазады Ақорда.
Ең бастысы, Түймебаев Тоқаевқа «университет жалпы құны 1 миллиард 250 миллион теңге болатын төрт ірі жобаны жүзеге асырып жатқаны» жөнінде мәлімет берген.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қашықтан зондтау және оны қолдану технологиясы» зертханасының қызметімен танысқан. Бұл кешен ҚХР Ғылым академиясымен бірлесе ашылған. Зертханада жасанды жер серіктерінің деректері негізінде Орталық Азиядағы климат және экология өзгерістері зерделенеді.
Мемлекет басшысы «Цифрлық технологиялар мен роботты техника» халықаралық институтын және Роботты техника орталығын, сонымен қатар Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығын аралап көрді. Сонымен бірге президент университет базасында орналасқан суперкомпьютер кластерін де көрген. Оны құруға 23 миллион доллар инвестиция тартылған.
