2026 жылы Тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл, Желтоқсан оқиғасы болғанына 40 жыл толады. Baribar.kz аса маңызды екі мерейтой туралы айтып беріп отыр.
Желтоқсан оқиғасының болғанына 40 жыл толады
1986 жылғы желтоқсанда Алматы қаласында Қазақ елін 24 жыл басқарған Дінмұхамед Қонайұлын басшылықтан алып тастайды. Оны қызметінен босатуға коммунистик партияның 18-ақ минуты жеткен еді. Қазақстанға жаңа басшы қылып біздің елімізге бұрын келіп көрмеген әрі халық танып-білмейтін Геннадий Колбин деген кісіні қояды. Бұл 16 желтоқсанда болған жағдай еді.
Қазақ жастар бұл іске қарсылық танытып, 17 желтоқсанда қаланың орталық алаңына жиылған. Бір Алматыда емес, Қазақстанның өзге де өңірлерінде осындай наразылық акциялары басталған. Әуелде бұл бейбіт шеру еді, алаңға шыққан жастардың ішінде студенттер, зауыт-фабрика қызметкерлері, журналистер де болатын. Совет билігі бұл бейбіт шеруді басып-жаншып, наразылыққа шыққандарды күрекпен ұрып, ыстық су шашқан, жаппай қамап, соттап жіберген. Студенттерді оқуынан шығарып тастаған. Тіпті, алаңға қазақ қыздарын ұрып жатыр дегенді естіп, соларды қорғау үшін шыққан Қайрат Рысқұлбекті өлім жазасын кескен. Кейін оның жазасы 20 жыл соттауға ауысқанымен, ол 1988 жылы Семей түрмесінде құпия жағдайда қаза болды.
Желтоқсан оқиғасында құрбан болғандар мен ұрып-соққан жастар саны әлі күнге дейін толық ашылған жоқ. Жастарды ұрып-соғып, тіпті өлтіргендер, оқудан шығартқызғандар әлі жазаланған жоқ.
Тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл толады
2026 жылы Тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл болады. 1991 жылы 15 мемлекетті басқарып, билік етіп отырған КСРО-ның басына ақыры күн түсіп, ыдырайды. Құрамындағы елдер егемендікке қол жеткізеді. Соның бірі Қазақстан еді.
1991 жылдың 16 желтоқсанында «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заң қабылданды. Содан бері егеменді ел болған Қазақстанның жаңа тарихы жазыла бастады.
Еліміз тәуелсіздік ала сала бірнеше сағат өткен соң алғаш болып Түркия мойындаған. Заңға қол қоя сала хабарласып, егеменді ел болғанымызға құтты болсын айтқан. Одан кейін ресми түрде АҚШ пен Қытай мойындаған.
