Израиль мен АҚШ Иранды не үшін атқылап жатыр?

Соғыс басталған уақыт

28 ақпанда таңертең Израиль қорғаныс министрі Исраел Кац Иранға қарсы алдын алу соққысы жасалатынын мәлімдеді.

Пентагон Ирандағы операцияны «Эпикалық қаһар» деп атады, ал Израиль оны «Ақырған арыстан» деді.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өз елінің ел азаматтары мен Иран халқына үндеу тастады. Ол операция бірнеше күнге созылатынын, мақсаты Ирандағы аятолла режимі ядролық қару алуына жол бермеу екенін айтты.

Соғыс басталғаннан кейін көп ұзамай Доналд Трамп АҚШ Иранға қарсы операцияға қатысып жатқанын растады.

Біз Иранда ауқымды әскери операция бастадық, сөйтіп қатыгез Иран режимі тудырған қауіпті жоямыз… Біздің мақсатымыз — Иран режимі, қатыгез адамдар тобы тудырған қазіргі қауіпті жою арқылы Америка халқын қорғау… Олар ядролық қаруға ешқашан ие болмайды… Иранның зымырандарын және олардың зымыран өнеркәсібін жоямыз, — деген видео жариялады ол Truth Social желісіне.

Израиль мен АҚШ Иранды не үшін атқылап жатыр?

Трамп пен оның көмекшілері Иран ядролық бағдарламасын қайта бастағанын, бірнеше күн ішінде бомба жасауға жеткілікті ядролық материалы бар екенін айтады. Олардың ойынша, Иран жақын арада АҚШ-қа дейін жететін ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандарды жасап шығарып жатыр.

Ал The New York Times бұл үш болжамды да не жалған, не дәлелі жоқ деп жазды.

Басылымның жазуынша, Иранның байытылған уран қоры былтырғы шабуылдардан кейін көміліп қалған, демек Иран «бірнеше күнде» бомба жасауы мүмкін емес.

Америкалық барлау агенттіктерінің пікірінше, Иранның АҚШ-қа соққы бере алатын зымыран жасауына әлі бірнеше жыл керек.

Қыздар мектебіне зымыран түсіп, 165 адам қаза болды

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарының мәліметінше, бірінші күні Израиль мен АҚШ күштерінің Иран аумағына жасаған әуе шабуылдарынан кем дегенде 201 адам қаза болды.

Иран
Фото: bloomberg.com

Press TV телеарнасының мәліметінше, Минаб қаласындағы қыздар медресесінің ғимаратына зымыран түскен.

Жергілікті прокуратураға сүйенген Mizan агенттігінің ақпаратына қарағанда, мектепте қаза болғандар саны 165 адамға жеткен. Бұған дейін 148 адамның қаза болғаны хабарланған. Қалада жексенбі аза тұту күні деп жарияланды.

Бір айта кетерлігі, қыздар мектебі Ислам революциясы сақшылар корпусының ғимаратына жақын жерде орналасқан. Соққы нысаны сол болған болуы мүмкін.

Иранның қай аймағына соққы түсті?

Израиль әскери күштерінің мәліметінше, соққы Иранның батысындағы жүздеген нысанаға, соның ішінде зымыран ұшыру қондырғылары мен әуе қорғаныс нысандарына тиген. The New York Times жариялаған спутниктен түсірген суреттер Тегеранның біршама жері қирап жатқанын, соның ішінде Иранның ең жоғарғы басшысы Әли Хаменеидің резиденциясын көрсетеді.

Иран, Израиль
Фото: The New York Times

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи қаза болды

Иран мемлекеттік ақпарат құралдары аятолла Әли Хаменеиді Тегерандағы өз резиденциясында өлтіріп кетті деп таратты.

аятолла Әли Хаменеи
Фото: REUTERS

Ислам революциясының ұлы жетекшісі, мәртебелі аятолла Хаменеи сенбі, 28 ақпан күні таңертең жасалған шабуыл салдарынан шейіт болды, — делінген мемлекеттік БАҚ таратқан хабарламада.

Иран үкіметі аятолла Хаменеи қайтыс болғандықтан, елде 40 күндік жалпыұлттық аза жариялап, жеті күнді мемлекеттік демалыс күні деп белгіледі.

Жоғарғы басшы тағайындалғанша Иранды уақтыша Алиреза Арафи басқарады.

Алиреза Арафи
Алиреза Арафи. Фото: Іrna.ir

Иранның жауабы

Иран АҚШ пен Израильдің әскери және үкіметтік нысандарға жасаған шабуылдарына жауап ретінде АҚШ-пен одақтас Парсы шығанағы мемлекеттеріне зымыран лақтырды. Содан кейін Дубай мен Бахрейнге дрондармен шабуыл жасады.

1 наурыз күні таңертең әлеуметтік желілерде Дубай әуежайы аумағындағы оқыс оқиғаға қатысты видеолар тарады. Ресми мәлімет бойынша, жексенбі күні таңертең болған жарылыстан төрт адам жараланған. Соққы қолдан жасаған Палм Жумейра аралына түскен.

Ислам революциясы күзетшілер корпусы АҚШ-тың 27 базасы мен Израильдің Тель-Ноф әуе базасына, Израил әскерінің штаб-пәтеріне және Тель-Авивтегі ірі қорғаныс-өнеркәсіптік кешеніне шабуыл жасағанын мәлімдеді.

4 мыңға жуық қазақ елге қайта алмай отыр

Бұл туралы «Туристік қамқор» қорының директоры Асылхан Есіл айтып отыр.

Бірнеше елде қазақ туристер елге қайта алмай жатыр. Біріккен Араб Әмірліктерінде 2500 турист бар. Сауд Арабиясында 200-ден аса, Қатарда мыңнан аса турист жүр. Барлық турист қонақүйге орналастырылды. Қазір жағдайды бақылап отырмыз, — деді Асылхан Есіл.

Көлік министрлігінің мәліметіне қарағанда, әуе кеңістігі ашылса, қосымша рейстер ұшады.

Отандық әуе компанияларымен бірлесіп, азаматтарды елге қайтарудың қауіпсіз бағыттары айқындалып жатыр. Әуе кеңістігі ашылған жағдайда қосымша әуе кемелері тартылып, кері рейстер ұшады, — делінген министрлік хабарламасында.

Трамп: Иранға қарсы әскери операция жалғасады

АҚШ президенті Доналд Трамп Иранға қарсы әскери операция қойылған мақсаттар толық орындалғанша тоқтамайтынын мәлімдеп отыр.

Оның сөзіне қарағанда, бұл — әлем тарихындағы ең ірі әрі күрделі шабуыл операцияларының бірі.

Трамп соққылар жүздеген нысанға бағытталғанын айтты. Оның ішінде Ислам революциясы гвардиясы инфрақұрылымы мен әуе қорғаныс жүйелері бар. Сонымен қатар тоғыз кеме мен әскери-теңіз нысандары қысқа уақыт ішінде жойылғанын мәлімдеді.