2026 жылғы қысқы паралимпиада ойындарының қорытынды медальдар кестесінде Қазақстан құрамасының қай орынға жайғасқаны белгілі болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Дүбірлі додада қазақ спортшы Ербол Хамитов бір алтын және бір қола медаль жеңіп алды. Ол 13 наурызда пара биатлоннан 4,5 шақырымдық із кесу жарысында (отырып жарысу санаты) чемпион атанды. Ал 10 наурызда, спортшы пара шаңғы жарысынан 1500 метрге классикалық спринт сайысында қола медаль еншілеген еді. Ербол Хамитов жалпы сомасы 160 миллион теңге сыйақы алатын болды.
Жалпы медальдар есебінде 44 жүлдемен Қытай құрамасы (15 алтын, 13 күміс, 16 қола) бірінші орын алды. Екінші орынды АҚШ құрамасы (13 алтын, бес күміс, алты қола) иеленсе, үшінші орынға Ресей құрамасы (сегіз алтын, бір күміс, үш қола) тұрақтады. Ал Қазақстан құрамасы бір алтын және бір қола медальмен жалпы есепте 18-орынға жайғасты.
Айта кетейік, биылғы қысқы паралимпиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы пара шаңғы жарысы және пара биатлон спорт түрлері бойынша ел намысын қорғады. Халықаралық додада ел атынан барлығы жеті спортшы бақ сынады.
