Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ирандағы кейінгі оқиғаларға байланысты ресми мәлімдеме жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Министрліктің ресми өкілі Ерлан Жетібаев бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың, сонымен қатар Иран Ислам Республикасының жоғары басшылығы өкілдерінің қаза болуына байланысты көңіл айтты.
Кейінгі қайғылы оқиғалар салдарынан бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың, сонымен қатар Ислам Республикасының жоғары басшылығы өкілдерінің қаза болуына байланысты Иран халқына қайғырып көңіл айтамыз, – деді ресми өкіл.
Сонымен қатар Қазақстан достық және жан-жақты ынтымақтастық қатынастарын дамытып келе жатқан, Иранға қарсы соғысқа қатыспайтын араб мемлекеттерінің азаматтық нысандарына жасалған соққыларға байланысты өкініш білдірді.
Министрлік халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау қарулы қақтығыстар кезінде азаматтық нысандар мен бейбіт халықты қорғауды талап ететінін атап өтті. Қазақстан халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастаманы ұсынушылардың бірі ретінде қақтығыс жағдайында адамгершілікті сақтаудың маңызын ерекше атап өтеді.
Сонымен қатар Қазақстан халықаралық даулар мен қақтығыстарды халықаралық құқық нормалары мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысын қатаң сақтай отырып, тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеу жөніндегі қағидатты ұстанымының өзгермейтінін растады.
Ведомство өңірдегі зорлық-зомбылықтың одан әрі ушығуына жол бермеу үшін барлық тарапты барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуға шақырды.
Еске салайық, Қазақстан Ирандағы азаматтарына жедел байланыс желісін іске қосты.
