3 наурыздан бастап араб елдеріндегі қазақ туристері елге орала бастайды. Алғашқы рейстерді Flydubai және Air Astana әуе компаниялары орындайды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, Flydubai әуе компаниясы Дубай – Алматы және Дубай – Астана бағыттары бойынша рейстерді іске қосады. Жалпы саны 340 турист елге жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
Ал Air Astana Медина және Жидда қалаларына репатриациялық рейстер орындауды көздеп отыр. Дегенмен бұл рейстерді жүзеге асыру үшін Сауд Арабиясы Корольдігі мен Мысыр Араб Республикасының авиациялық билік органдарынан тиісті рұқсаттар алынуы қажет, — делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, Air Astana 2026 жылғы 3 наурызда Батыс Қазақстаннан Медина қаласына және кері бағытта екі репатриациялық рейс, сонымен қатар Жидда қаласына және кері бағытта екі рейс орындауды жоспарлап отыр. Жолаушыларды тасымалдау тек бұрын сатып алынған билеттер негізінде жүзеге асырылады. Қазір тиісті ведомстволар мен әуе компаниялары азаматтарды елге қауіпсіз жеткізу бойынша үйлестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
