Алматыда биыл 550 мыңнан астам ағаш пен бұта егіледі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды төрағалық еткен кеңесте қаланың жасыл қорын жаңарту және көгалдандыру мәселелері талқыланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, жиында жасыл желектердің қазіргі жағдайы, 2026 жылға арналған егу жоспары, апатты ағаштарды санитарлық кесу және олардың орнына жаңасын егу ережелерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Алматыдағы жасыл аймақтардың жалпы ауданы 22,59 мың гектар, бұл қала аумағының 33%-ы. Бұған дейін жүргізілген түгендеу нәтижесінде қалада 4 миллионнан астам ағаш бар екені анықталған, оның ішінде 2,3 миллионға жуығы қоғамдық жерлерде өседі, — делінген хабарламада.

2030 жылға дейінгі дендрологиялық жоспар

Қалада 2030 жылға дейінгі дендрологиялық жоспар әзірлеуге ерекше назар аударылып жатыр. Оның аясында:

  • барлық сегіз аудан бойынша далалық таксация жүргізіледі;

  • топыраққа талдау жасалады;

  • қалалық ортаға бейімделген, ғылыми негізделген ағаш тұқымдық құрамы қалыптастырылады.

Нәтижесінде әр аудан үшін жеке дендрологиялық жоспар бекітіледі.

2026 жылға арналған жоспар

Келесі жылы 550 мыңнан астам ағаш пен бұта егу жоспарланған. Оның ішінде:

  • бес–алты метрлік 7,2 мың ірі ағаш,

  • 40 мың көшет,

  • 500 мың көпжылдық бұта бар.

Аллеялық екпелер магистральдық көшелерде, өзен жағалауларында және жолдарды қайта жаңарту учаскелерінде қалыптастырылады.

Қала әкімі жасыл қорды жаңартуда жүйелі әрі ғылыми тәсілді қамтамасыз етуді, көше жөндеу жұмыстарын жаңа ағаш отырғызумен үйлестіруді, сонымен қатар шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын және жұртшылықпен, сарапшылармен өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.