Алматыдағы Almaty Arena спорт кешенінде XXV қысқы олимпиада ойындарының жүлдегерлері мен қатысушыларына арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Іс-шараға спорт ардагерлері, олимпиада чемпиондары, белгілі бапкерлер, спорт қауымдастығының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды олимпиадада ел намысын қорғаған барлық спортшыға алғыс айтып, олардың жетістігі Қазақстан үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтті.

Қала басшысы мәнерлеп сырғанаудан тарихи жетістікке қол жеткізген Михаил Шайдоровты ерекше құттықтады. Оның айтуынша, олимпиада жүлдесін жеңіп алу — аса жоғары нәтиже әрі ел спорты үшін маңызды оқиға. Сонымен қатар Евгений Кошкин, Ростислав Хохлов, Данил Васильев және ең жас спортшы — Илья Мизерныхтың еңбегі атап өтілді. Илья Мизерных тұғырдан секіруден Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетіп, олимпиадада үздік ондыққа енді.
Салтанатты рәсім барысында Михаил Шайдоровқа үш бөлмелі пәтерге сертификат, жаңа автокөлік кілті және ақшалай сыйлық табысталды.

Оның бапкері Айгүл Қуанышеваға 5 миллион теңге көлемінде сертификат берілсе, ұлттық құраманың бас бапкері әрі чемпионның жеке бапкері Әсел Қасановаға бір бөлмелі пәтер мен ақшалай сертификат тапсырылды.
Сонымен қатар олимпиадаға қатысқан өзге спортшылар мен олардың бапкерлеріне 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар табысталды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада Bellucci, Тұрар, Нұрболат Абдуллин және өзге де танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

