Қазақ суретші The Discover List 2026 тізіміне енді

Әлемнің түкпір-түкпірінен ең үздік 50 креаторды біріктіретін The Discover List топтамасы бар. Бұл топтамаға Қазақстан екі жыл қатарынан қатысып отыр. 2026 жылы тізімге Алматыда тұратын суретші Әсел Сабыжанқызы енді. Әсел —  елімізге актер Жеки Чан, әнші Женнифер Лопес келгенде портретін кілемге салып берген суретші.

The Discover List – TikTok-тың халықаралық жобасы. Оның аясында жыл сайын әлемнің әр елінен аудиторияны шабыттандырып, тренд шығарып жүрген 50 креатор іріктеледі. Авторлар бес санат бойынша ұсынылады:

  • Оқытушылар (Educators) – өз білімін аудиторияға бөлісетін авторлар.
  • Гурмандар (Foodies) – аспаздық бағыттағы бірегей контент жасайтын креаторлар.
  • Иконалар (Icons) – трендтер мен цифрлық мәдениеттің көшбасшылары.
  • Инноваторлар (Innovators) – контент форматтарына тәжірибе жасап, жаңа бағытқа жол салатын авторлар.
  • Кәсіпкерлер (Originators) – TikTok арқылы бизнесін дамытып, өнімін креативті түрде ілгерілететін және адал қауымдастық қалыптастыратын авторлар.

Әсел Сабыжан – дәстүрлі өнерді батыл түрде қайта пайымдап, оларды digital-кеңістікте ілгерілетіп жүрген суретші. Ол The Discover List 2026 тізіміне «Инноваторлар» санаты бойынша енді.

Әсел Сабыжан, суретші
Әсел Сабыжан. Фото: TikTok баспасөз қызметі

Суретші Carpet Art авторлық техникасымен сурет салып, кілем бетіне ауқымды көркем туындылар жасайды. Осы арқылы дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнер элементтерін заманауи визуалды өнермен үйлестіріп жүр.

Оның айрықша жобаларының бірі — Ұлы дала патшайымдарына арналған туындылар сериясы. Суретші әлемдік жұлдыздардың авторлық техникамен орындалған портреттер сериясын да жасаған.Бұл туындылар қатарында Женнифер Лопес, Килиан Мбаппе, Жеки Чан мен Димаш Құдайберген бар.

«The Discover List тізіміне Қазақстан атынан ену – мен үшін үлкен мәртебе. Мен ұлттық өнердің заманауи форматта әлемге түсінікті бола алатынын көрсетуге тырысамын. Шығармашылығым арқылы қазақ мәдениетіне жаңаша көзқарас қалыптастыруға үлес қосып жатқаныма қуанамын», – деді Әсел.

2026 жылғы тізімге Қазақстанмен қатар АҚШ, Италия, Жапония, Бразилия, Кения, Ұлыбритания, Индонезия, Аустралия және Оңтүстік Африка сияқты елдердің креаторлары да кірді.