Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сербия президенті Александр Вучич шағын құрамда келіссөз өткізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақорданың мәліметінше, кездесу барысында мемлекет басшысы Сербияны Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктес ретінде бағалайтынын атап өтті. Оның айтуынша, кейінгі жылдары экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттарда өзара ықпалдастықты нығайту үшін ауқымды жұмыс атқарылған.
Президент Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсінің ашылғанын, сауда байланыстарының тұрақты дамып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар Қазақстанда 60-тан астам сербиялық компания табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.
Негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарымыз ортақ. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың берік әрі тиімді іргетасы қаланды деп санаймын. Сіздің сапарыңыз достық қарым-қатынастарымызға тың серпін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Александр Вучич көрсетілген қонақжайлылық үшін алғыс білдіріп, Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалады.
Елдеріміз арасында шынайы стратегиялық қарым-қатынас орнаған. Сауда-экономикалық байланыстарымыз қарқынды дамып келеді. Алдағы уақытта жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз, – деді Сербия президенті.
Келіссөз қорытындысында тараптар екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге дайын екендерін растады.
