Үкімет тұрақты вегетациялық кезеңді қамтамасыз ету мақсатында суды тұтыну лимиттерін бекітті. Су ресурстары және ирригация министрлігі алдағы маусымға дайындықтың кешенді жоспарын ұсынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Үкімет отырысында министр Нұржан Нұржігітов оңтүстік өңірлердегі диқандардың қажеттіліктерін өтеу, басқарудың цифрлық құралдарын енгізу және ирригациялық жүйелерді жаңғырту бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.
Министрдің айтуынша, жедел іс-шаралардың нәтижесінде кейінгі екі айда су жинау динамикасы артып, қосымша 1,5 миллиард текше метр су жиналған. Қазіргі таңда өзен бассейндеріндегі жағдайға тұрақты мониториң жүргізіліп жатыр. Негізгі міндет – бекітілген лимиттерді қатаң сақтау және су үнемдеу технологияларына көшу.
Маусымға дайындық аясында оңтүстік облыстардағы негізгі су қоймаларында 23,4 млрд текше метр су жиналды. Вегетациялық кезеңді тиімді өткізу үшін бес өңірге суды тұтыну лимиттері белгіленді:
-
Түркістан облысы – 3,8 текше километр
-
Қызылорда облысы – 3,2 текше километр
-
Алматы облысы – 2,1 текше километр
-
Жетісу облысы – 1,8 текше километр
-
Жамбыл облысы – 1,2 текше километр
Инфрақұрылымды дамытуға да ерекше назар аударылып отыр. Биыл 394 гидротехникалық құрылысжайды жөндеу және 2,2 мың шақырымнан астам каналды тазалау жоспарланған. Сонымен қатар инвестиция тарту арқылы Батыс Қазақстан облысы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында үш жаңа су қоймасының құрылысы басталды. Бұдан бөлек, Көксарай контрреттегішін реконструкциялау және оңтүстіктің бес облысында 103 каналды автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
