Алматыда 25 ақпанда дабыл жүйесі іске қосылады

Алматы қалалық төтенше жағдайлар қызметі 25 ақпанда сағат 11:00–де «Көктем-2026» республикалық оқу-жаттығуы аясында халықты құлақтандыру жүйесін техникалық тексеруден өткізеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Тексеру кезінде «Барлығыңыздың назарыңызға!» дабыл сигналы бойынша қала аумағындағы сиреналар қысқа уақытқа қосылады. Сонымен қатар сынақ хабарламасын тарату үшін теле және радиоарналарды уақытша тоқтату жүйесі іске қосылады, — делінген хабарламада.

Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға сабыр сақтап, дыбыстық сигналды естіген кезде теледидар немесе радиоқабылдағышты қосу, ресми интернет-ресурстар мен мобайл қолданбалардағы ақпаратпен танысып, ұсынылған нұсқауларға мұқият бағыну керегін ескертті.

Департаменттің мәліметінше, «Барлығыңыздың назарыңызға!» сигналы төтенше жағдай қаупі төнген немесе туындаған кезде халықтың назарын аудару үшін беріледі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да