«Шексіз ата-ана» жобасы — ата-ана болудыі қуанышы мен қиындығын, үміті мен шындығын шынайы түрде көрсететін туынды.
«Шексіз ата-ана» деректі фильмінде бала көтергеннен бастап, баланың мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі кезеңдегі түрлі мәселе баяндалады. Мысалы, әйел аяғы ауыр кезде мемлекет қандай медициналық көмек беретіні, аяғы ауыр әйел қандай міндетті тексерістен өту керек екені, еліміздегі ақылы және ақысыз перзентханалар жүйесі қалай істейтіні, босанып жатқан әйел құқығы, әрбір әйел аяғы ауыр кезде және босанғаннан кейін қандай жәрдемақы алатыны, бала тәрбиесіне қатысты қазақы дәстүрлер, босанғаннан кейінгі күтім мен күйзеліс, балабақшаны таңдау және орналастыру мәселесі, жалғызбасты аналарға көмек, баланы мектепке орналастыру сияқты өзекті тақырыптар сөз етіледі.
«Шексіз ата-ана» көрерменді тек ақпаратпен емес, сезіммен жетелейді. Фильмде аяғы ауыр әйелдер мен жас аналардың шынайы оқиғасы, олардың үміті мен қорқынышы, босануға дайындық барысы мен алғашқы аналық сезімнің қуанышы көрініс тапқан.
Шексіз ата-ана» — тек деректі жоба емес, өмірдің өзінен алынған сабақ. Ол қоғамға ана мен әке жауапкершілігі шексіз екенін, әр баланың өмірге келуі ғажап екенін, маңызды қадам екенін еске салады. Бұл фильм – жүректен шыққан шынайы үн, — дейді жобаның авторы әрі продюсері Айнұр Ілиясова.
