Үш баланың ата-анасы Гауһар мен Әлішер халықаралық кеңесші, «Жаңа кәсіптер атласы» кітабының авторы Дмитрий Судаковтың дәрісін тыңдауға келіпті. Бұл дәріс «Кәсіп таңдайтын жасөспірімге қалай көмектесу керек?» деп аталады. «Спикерді тыңдап, балаларым дұрыс бағытта екенін ұқтым» дейді Гауһар.

Гауhар мен Әлішер
Гауhар мен Әлішер. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Өзімді толғандырған сұрақтарды қойдым. Бізге өте ұнады. Болашақта осы іс-шарадан бөлек, арнайы тағы да өткізу туралы келістік. Қашан екенін әлеуметтік желілерден біле жатармыз. Бізге өте қызық болды. Спикер көп инсайт бөлісті. Соның ішінде, отбасы авторитар режимнен демократиялы режимге көшуі керек екенін айтты. Ата-ана өзінің көзқарасын танбауы керек, балаға еркіндік беруі керек. Бала өз таңдауын өзі жасауы керек. Ең маңызды таңдаулардың бірі – өмірлік серігі мен мамандығын таңдауы. Егер адам өзінің сүйікті ісімен айналыспаса, депрессияға ұшырап, суицидке баруы мүмкін. Спикер өз қызының оқиғасын мысалға келтірді, мұны жақсы кейс деп ойлаймын. Шынымен де біздің қоғамда әке-шешенің немесе ата-әженің айтқаны ғана болады. Менің атам, әкем дәрігер болды, мен де дәрігер боламын деген сияқты», – деді ол «БөпеForum» дәрісінен шыққан бетте.

Дмитрий Судаков
Дмитрий Судаков. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Қазіргі кезде отбасы институты қалай қарай бет алды, соны да білгіміз келді» дейді Гауһардың күйеуі. Ол психологтар мен басқа да сарапшылардан мүмкіндігінше көп мәлімет алмақ.

«Отбасы мәселелері көп көтеріле бермейді, спикерлер де айтып отырғандай, отбасыға мемлекет те аз көмектеседі. Мұндай форумдар аз. Жыл сайын болса, қатысып көретін сияқтымыз. Қатысып жатқандар арасында қазақша сөйлейтін маман көп екен, меніңше, қазақша контент жетпей қалған сияқты. Көп балалы әкелерді шақырса деймін. Бізді құрғақ статистика емес, әлемде болып жатқан емес, Қазақстанда болып жатқан мәселелер толғандырады. Болашақта ұйымдастырушылардың құлағына осы жетер болса, біз ниетімізді білдіріп жатырмыз, соны болашақта ескерсе екен», – деген ұсынысын айтты Әлішер.

Гауhар мен Әлішер. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Екінші «БөпеForum-ға» балалар тәрбиесі мен бір үй адамдары арасындағы қарым-қатынасқа қатысты білім іздеп барлығы 500-дей адам келген. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл 2019 жылғы көрсеткіштен әлдеқайда көп. Жиналғандар үшін төрт үлкен зал төрт ауқымды тақырыпты кеңінен қозғауға арналыпты. Олар: ана ролі, әке ролі, балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу, отбасындағы қарым-қатынас.

«Мұнда көп ата-ана сәбилерімен, жаңа туған балапандарымен жүр. Біз бұл балаларға да көп шара ұйымдастырдық: түрлі шеберлік сағаты, үйірмелер бар. Қаншама бала ойнап отыр! Міне, ана сезімі залына кірсеңіз, адам лық толы. Ата-ана болу деген тақырып енді-енді көтеріліп жатыр. Мысалы, көшбасшы болу, миллион табу деген тақырыптардағы шараларға барсаңыз, 3 мың адам жүреді. Ал бізде бұл мәселеге қарапайым көпшілік ақырындап-ақырындап көңіл бөліп жатыр. Отбасы институтын нығайтуымыз қажет. Сол үшін де осындай шара өткізіп жатырмыз», — дейді форумды ұйымдастырушылардың бірі Айнұр Ілиясова.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Форумда БҰҰ халық саны жөніндегі қорының (UNFPA) Қазақстандағы төрағасы Ронни Линдстром осындай талқылауларға белсене араласуға үндеді, алдағы уақытта әйел құқығы мәселелерінде оң өзгерістерден үмітті екенін айтты. «Дүниеге бала әкелу, оның көп не аз болуы – әркімнің өз таңдауы», — деді ол. Ронни Линдстром форумда отбасында ер мен әйел арасында ашық диалог болғаны маңызды екенін де айтты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл алаңда ата-әже, әке-шеше, мұғалім, тәрбиеші, әлеуметтік қызметкерлер – бала тәрбиесіне бейжай қарамайтын кез келген адам бас қосты. Қазақстандікі бар, басқа елден келгені бар, 20-дан астам сарапшы пікірін ортаға салды. Өз спикерлерімізден продюсер Перизат Мырзахмет бар.

«Барынша кең аудиторияға ұстанымымызды жеткізгіміз келеді. Қазір дені сау қоғам құрайық дейміз. Бұрын дені сау деген кезде он екі мүшесі сау адамды айтатынбыз, қазір олай емес. Қазір ментал саулықты айтқымыз келеді. Ал ол үшін біз еркек пен әйел арасындағы, бала мен ата-ананың арасындағы немесе үлкен буын мен кіші буын арасындағы қарым-қатынас туралы көбірек сөйлесуіміз керек. Соның барлығы ментал денсаулыққа тіреледі. Менің мақсатым – өзімнің ұстанымымды көбірек айту. Біреу келісер, біреу келіспес дегендей, ол – заңды дүние», — дейді форум спикері.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Перизаттың айтуынша, мұндай форум ата-ана атаулыға міндетті түрде керек. Тек ол үлкен қалалар тұрғындарымен шектелмегені дұрыс.

«Қазір біз қаланың аудиториясын ғана алып отырмыз, қалаларда онсыз да интернет бар, көбі білімді. Қойған сұрақтарынан-ақ білуге болады, оларда көтерілген мәселелерге қатысты қандай да бір мәлімет, алғашқы нышандар бар. Олар сауатты ата-ана болуға, сауатты жар болуға, қоғамның толыққанды мүшесі болуға, тағысын тағыға дайындалып, сол бағытта ізденіп жүр. Енді осындай іс-шараны аймақтарда өткізсе, жаңа білім әлі күнге дейін жете қоймаған, халқы дәстүрлі құндылықтармен ғана өмір сүріп, заманның жаңа лептерін көре қоймаған жақтарда көбірек өткенін қалаймын», — деді продюсер.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«БөпеForum» аурасы жылы болды. Қазіргі заманның тың білімін, жаңа көзқарасын іздеген ата-ананы жолықтырасың. Көбі балаларымен жүрді. Олар отбасы құндылықтарын бірге айқындап, ана болудың бейнетін жеңілдетуге тырысты, бір үй адамдарының бір-біріне ашық болғанының, бір-бірін әрдайым қолдап жүргенінің маңызын ұғынды, қиын жағдайлардан шығар жолды бірге іздеді.

Меруерт Әбдіқаппар