Не болды?
Алматыда Steppe & World Publishing баспасы Карло Коллодидің әлемге әйгілі «Пиноккио» шығармасын қазақ тіліне аударады. Бұл үшін баспа Италия мәдениет институтының қолдауымен қазақ тіліндегі басылымына иллюстрация жасауға ашық байқау жариялап отыр.
Мәлімет
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау бір кітапқа суретші таңдаумен ғана шектеліп қалмайды. Бұл – қазақша балалар кітабының заманауи визуал тілін қалыптастыруға және жаңа есімдердің пайда болуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Байқау шарты
Байқауға кәсіби және жас иллюстраторлар қатыса алады. Қатысушылар бір стильде орындалған бір айқарма бет, бір толық бет иллюстрация және төрт виньетка ұсынуға тиіс. Байқауға қатысу тегін.
Өтінім жолдау уақыты
Өтінім ақпан айының 18-і мен наурыз айының 5-і күні аралығында қабылданады. Жұмыстарды баспа және көркемөнер саласында еңбек етіп жүрген тәжірбиелі бес маман бағалайды. Байқау қорытындысы наурыз айының 13-і күніне дейін шығады.
Жүлде
Бас жүлде алған қатысушы авторлық кітапқа иллюстрация салады (қаламақысы — 600 мың теңге). Жеңімпаз баспамен бірге кітапты дайындау барысына, яғни кәсіби өндірістік процеске қатысады.
Финалистерге арнайы сыйлық та бар. Қатысушылардың бірі балалар кітабы саласындағы ең ірі халықаралық алаң — Bologna Children’s Book Fair көрмесіне іс сапарға барады.
Ұйымдастырушылар барып-келу ұшақ билетін, үш күн қонақүйде тұру ақысын, көрмеге кіру билетін, медициналық сақтандыру ақысын төлеп, құжатты уақытылы тапсырса, виза алуға қолдау көрсетеді.
Қатысу үшін
Байқауға қатысу үшін мына тіркеу формасын толтырып, «бұлт» сақтау жүйесіне жүктелген жұмыстарға сілтеме беру қажет. Файлдар қосымша рұқсат сұрамай ашылады.
Тестілік жұмыстың бәрі тек бағалау және байқау туралы ақпарат тарату үшін пайдаланылады. Авторлық құқық суретшінің өзінде қалады.
