Алматыда сталкиң бойынша алғашқы сот үкімі шықты

Алматыда азаматтарды қасақана қудалау мен психологиялық қысымнан қорғауға бағытталған қылмыстық кодекстегі «сталкиң» бабы бойынша алғашқы сот үкімдерінің бірі шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ІІМ мәліметінше, ер адам отбасылық қарым-қатынас тоқтатылғаннан кейін бұрынғы жұбайын жүйелі түрде қудалаған. Ол жәбірленушінің жүріп-тұруын бақылап, жеке өміріне заңсыз араласқан, еркінен тыс байланыс орнатуға тырысқан және қорқыту сипатындағы хабарламалар жолдаған. Сонымен қатар жұмыс орнында және қоғамдық орындарда жанжал шығарған.

Бұған дейін күдіктіге қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, оны бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда ол құқыққа қайшы әрекеттерін тоқтатпаған. Соның салдарынан жәбірленуші тұрақты түрде үрейде өмір сүріп, бірнеше рет тұрғылықты мекенжайын және жұмыс орнын ауыстыруға мәжбүр болған. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға қайта-қайта жүгінген, — делінген хабарламада.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот ер адамды кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Сонымен қатар жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына міндетті төлем өндірілді.

Еске салайық, Қазақстанда қылмыстық кодексте сталкиңге қатысты жаңа 115-1-бап енді. Жаңа заң бойынша, сталкиң жасаған адам 2000 АЕК дейін (шамамен 7,86 миллион теңге) айыппұл, түзеу жұмыстары, бостандықты шектеу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.