Нидерланд елі азаматтары аптасына төрт күн жұмыс істейді. Олар қаншалықты бақытты?

Не болды?

Нидерланд азаматтары кейінгі жылдары аптасына төрт күн істейтін жұмыс кестесіне көшкен. Вaribar.kz бұл шешімнің халық өміріне пайдасы мен қиындығы туралыайтып береді.

«Балаларыңыз тек бір рет кішкентай болады»

BBC басылымының ақпаратына қарағанда, Амстердамда орналасқан Positivity Branding шағын компаниясының құрылтайшысы Гевин Арм «балаларыңыз бір рет қана кішкентай болады» деген оймен өмір сүреді.

Адамдар компания басқарса, бар күшін соған салып, табысқа жету үшін тынымсыз жұмыс істейді. Көбіне мұның бәрін балалары үшін істейді. Алайда кейін балалары өскенде артқа қарап «олардың кішкентай кезеңін өткізіп алыппын ғой» деп өкінеді. Бұл — өте өкінішті жағдай. Біз ондай болғымыз келмейді, — дейді Гевин Арм.

Гевин Арм мен әріптесі Берт де Вит
Гевин Арм мен әріптесі Берт де Вит. Фото: BBC

Жеті жыл бұрын Гевин Арм әріптесі Берт де Витпен бірге құрған компаниясы қызметкерлерін аптасына төрт күндік жұмыс кестесіне көшірген. Қызметкерлер мен өздерінің жалақысы қысқармады. Төрт күн ішінде бұрынғыға қарағанда көбірек жұмыс істеу де талап етілмеді. Жұмыс уақыты бұрынғыдай аптасына — 32, күніне — сегіз сағат.

Жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті ұстау басты мақсат болды. Қызметкерлер көп жалақыға аз жұмыс істеп отырған жоқ. Қайта өз жалақыларына сай жүктемені ақылын қосып істеп отыр, — дейді Берт де Вит.

Корпоративтік мәдениет қалыптастыру қиын

Олардың пікіріне қарағанда, басқа елдерде адамдар жұмыста көп уақыт өткізуі мүмкін, бірақ бұл олардың шынымен көп жұмыс істейтінін білдірмейді. Бұл жолдағы ең үлкен қиындық — корпоративтік мәдениет қалыптастырып, қызметкерлердің ойлау жүйесін өзгерту.

Аптасына төрт күндік жұмыс кестесі Нидерландта бірнеше жылдан бері қолданылып келеді. Елдегі ең ірі кәсіподақ FNV — үкіметтен оны ресми формат етіп өзгертуді сұрап жүр.

Еуроодақтағы ең аз жұмыс істейтін ел

Нидерландтың бұл тәжірибесіне қазір әлем назар салып отыр. Ел тұрғындары аптасына орта есеппен 32,1 сағат жұмыс істейді. Бұл — Еуроодақтағы ең төмен көрсеткіш (орташа көрсеткіш — шамамен, 36 сағат). Соған қарамастан, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімінің көрсеткіші — Еуропадағы ең жоғарғылардың бірі. Бұл көрсеткіш бойынша Нидерланды дамыған елдерді біріктіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) ішінде де алдыңғы қатарда тұр.

Бұл елдер бәсекеге қабілетті болу үшін міндетті түрде ұзақ жұмыс істеуі керек деген тұжырымға қарсы.

Экономистер не дейді?

Экономистер Нидерландта еңбек өнімділігі жоғары болғанымен, кейінгі 15 жылда айтарлықтай өспегенін ескертіп отыр. Өмір сүру сапасын сақтау үшін ел не өнімділікті арттыруы, не еңбек нарығына (мысалы, иммиграция арқылы) көбірек адам тартуы керек.

Оған қоса, Нидерландта халық қартайып бара жатыр. Жыл сайын зейнетке шығатындар көбейіп, жұмыс істейтіндер азайып келеді.

Үкімет бұған қарсы ма?

Үкіметтің талдауынша, әр төрт әйелдің үшеуі және әр төрт ер адамның бірі аптасына 35 сағаттан аз жұмыс істейді әрі оған қарсы емес.

Кәсіподақтар «аптасына бір күнге аз жұмыс істеу адамдардың энергиясын арттырып, өнімділікті жақсартып, қоғамға да пайдалы» екенін айтқан. Бұл кейбір адамдардың еңбек нарығынан мүлде кетіп қалмай, жұмысын жалғастыруына мүмкіндік береді.

«Бұл мамандықтарды тартымды етіп, өнімділікті арттырудың бір жолы»

Біз бақыттымыз. Бұл шешім мемлекет үшін мамандықтарды әлдеқайда тартымды етіп, өнімділікті қайта арттырудың бір жолы болуы мүмкін, — дейді де Вит.

Ал оның серіктесі Арм аптасына төрт күндік жұмыс кестесінің мәнін қысқаша былай деп түйіндеді: «Сіз бақыттысыз ба? Өмірден ләззат алып жүрсіз бе? Мәселенің бәрі сонда жатыр».