Тоқаев UAE SWAT Challenge-2026 жеңімпаздарын құттықтады

Президент Дубайда өткен терроризмге қарсы бөлімшелер арасындағы UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысында үздік нәтижеге қол жеткізген қазақстандық командаларды құттықтады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Kazakhstan C командасы беделді турнирдің абсолютті жеңімпазы атанса, Kazakhstan A командасы жалпы есепте екінші орынға ие болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік күзет қызметі, ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінен жасақталған құраманың кәсіби, физикалық, жауынгерлік даярлығы және отаншыл рухы жоғары деңгейде екенін, сонымен қатар сарбаздардың жеңіске деген ерік-жігерін ерекше атап өтті, — делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы 48 елден 109 команда қатысқан жарыста лайықты өнер көрсеткен арнайы жасақ жауынгерлеріне тиісті құрмет көрсетілетінін айтты.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның арнайы жасағы Дубайдағы турнирде топ жарғанын жазған болатынбыз.