Air Astana акционерлері Airbus компаниясымен 25 ұшақ сатып алу туралы мәміле жасасуға шешім қабылдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қазақстан қор биржасының мәліметінше, Air Astana еуропалық Airbus өндірушісінен бес дана Airbus A320neo және 20 дана Airbus A321NX ұшағын сатып алады. Әуе кемелерін жеткізу 2031–2034 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Сонымен қатар Airbus A320neo тобының қосымша 25 ұшағын сатып алуға расталған құқыққа ие болады.
2025 жылдың үшінші тоқсанындағы қаржылық есеп бойынша, авиакомпанияның жиынтық активтері 1,1 триллион теңге болды. Мәміле құны кемінде 550 миллиард теңге болуы мүмкін. Airbus A320neo лайнері 194 жолаушыға арналған және 6,3 мың шақырымға дейін ұша алады. Ал Airbus A321NX — A321neo үлгілерінің бірі, 227 жолаушы сыйымдылығымен және 7,4 мың шақырымға дейінгі ұшу қашықтығымен ерекшеленеді, — делінген хабарламада.
Жаңа ұшақтарды сатып алу Air Astana әуе паркін жаңғыртуға және маршруттық желіні кеңейтуге мүмкіндік береді.
