Не болды?

11 ақпан —  Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні. Бұл күнді 2015 жылғы желтоқсанда БҰҰ бас ассамблеясы бекіткен. Осыған орай Baribar.kz қазақтан шыққан, ғылыммен айналысқан тұңғыш әйелдер тізімін ұсынып отыр.

Мәдина Бегалы

Мәдина Бегалы — қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш инженер-металлург, қоғам мен мемлекет қайраткері. Ол 1899 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келген.

Мәдина Бегалы
Мәдина Бегалы. Фото: Е-history.kz

Ол 1913-1916 жылдары Хан Ордасындағы педагогикалық курста оқыған. Сол біліммен 1922 жылға дейін мұғалім, кейін Бөкей губерниялық комитетінде әйелдер бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. Құрдасы Алма Оразбаймен (қоғам қайраткері, мұғалім, әнші) бірге алғашқы қазақ драматургтерінің бірі – Ишанғали Меңдіханның пьесаларында ойнаған.

1931-1935 жылдары Мәскеудегі өнеркәсіп академиясында оқыған. «Балқаш мыс қорыту зауытының жобасы» деген тақырыпта дипломдық жобасын өте жақсы қорғап шығып, инженер-металлург болған. Балқаш мыс қорыту зауытының жобасын өзі сызып шыққан. Сол зауытта инженер-металлург болып істеген. Кейін зауыттың алғашқы кірпішін өзі қалағанын үлкен мақтанышпен еске алып отырған.

Ғалым 1974 жылы қайтыс болған.

Әмина Мәмет

Әмина Мәмет — Мәншүк Мәметтің анасы, қазақ қыздарынан шыққан әдебиеттану мен әдеби сын саласындағы тұңғыш ұстаз-ғалымдардың бірі. 1901 жылы Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында дүниеге келген.

Әмина мен Ахмет Мәмет
Әмина мен Ахмет Мәмет. Фото: Sarbaz.kz

Жары Ахмет Мәмет — алғашқы дәрігерлердің бірі, танымал қоғам қайраткері. Туған баласы болмағасын ағасы Жеңіскәлінің қызы Мәншүкті бауырына басқан. Семей, Орал, Алматы қалаларында жұмыс істеген. 1945 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаған.

Әмина Мәмет — қазақтың би-шешендері туралы зерттеу жұмысын жасаған тұңғыш ғалым. Қазақ әдебиетінің тарихы бойынша жүзден астам ғылыми мақала, оқулықтар, бағдарламаларды жарыққа шығарған.

1947-48 жылдары және 1952 жылы ҚызҰПУ-да әдебиет кафедрасының  жетекшісі болған. «Екпінді жас» журналының редакторы болған.

Нәйлә Базан

Нәйлә Базан- ғалым, қазақ әйелдері арасынан шық­қан тұңғыш биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі. Ол 1911 жылы Бішкекте дүниеге келген.

Нәйлә Базанова
Нәйлә Базанова. Фото: Кazgazeta.kz

Нәйлә Базанның еңбектері ірі қара малдың ас қорыту ерекшелігін зерттеуге, жас төлдің өсуі мен физиологиясын зерттеуге арнал­ған. Ол малдың ішек-қарнындағы мембраналы ас қорыту механизімін ашып, сол ас қорыту күйіс малына да тән екенін дәлелдеген. Малды пропион қышқылды ашытқышы қосылған қоспамен өректендіруді ұсынған.

Ол 1932 жылы Алматыдағы мал дәрігері институтын бітірген. Кейін сол институтта ассистент, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, эксперименттік биологиялық инститтутының директоры болып істеген. 1951–1966 жылдары Қазақстан ғылым академиясының биологиялық және медициналық бөлімінің академигі-хатшысы, 1966–1986 жылдары физиология институтының директоры, 1986–1993 жылдары сол институттың докторы бол­ды. Ғалым 1993 жылы қайтыс болған.

Патшайым Тәжібай

Патшайым Тәжібай — геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Ол 1920 жылы қазіргі Түркістан облысындағы Төле би ауданының Қарақия ауылында дүниеге келген.

Патшайым Тәжібаева
Фото: Патшайым Тәжібаева/ Тhe-steppe

1943 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің геология-минерология факультетін, 1948 жылы Самарадағы университеттің физика-математика факультетін, кейін ғылым академиясын аяқтаған.

Ол Қаныш Сәтпайдың жанында жүріп, Қазақстандағы литология ғылымының (тау жыныстарындағы қазба байлықты зерттейді) негізін қалаған. Елдегі ең мол мұнай бар Құмкөл кені туралы алғаш болжам жасаған да — осы Патшайым Тәжібай. Ол 1991 жылы қайтыс болған.

Алматы, Шымкентте көшеге, Оңтүстіктегі Қазығұрт ауданындағы үлкен көшеге, екі бірдей мектепке Патшайым Тәжібайдың есімі берілген. Оның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ғылымда дара, өмірде дана Патшайым» деген кітап жазылды.

Жамал Қаңлыбаева

Жамал Қаңлыбаева — ғылым кандидаты, кейін техника ғылымдарының докторы атанған алғашқы қазақ қызы, Қазақстан ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Ол 1923 жылы Семейде дүниеге келген.

Жамал Қаңлыбаева
Фото: Жамал Қаңлыбаева/ мәдениет және спорт министрлігі архиві

1949 жылдары Қарағанды көмір бассейінінің өндірістік бөлігі шахтасын өз бетінше зерттеген. Нәтижесінде әлем бойынша алғаш рет «радиоактивті изотоптарды қолдануға негізделген көмір қабаттарын қазу кезінде тау жыныстарының кернеулік жағдайын бақылаудың жаңа әдісін» ойлап тапқан.

1952 жылы осы тақырып аясында кандидаттық диссертация қорғаған. Тау-кен саласы бойынша техника ғылдымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған алғашқы қазақ қызы болды. Оның ғылыми-теориялық зерттеулері республика, КСРО және шетел басылымдарында 65 монографияда, түрлі мақалаларда жарияланған.

Ғалым 1974 жылы қайтыс болған.

***

Тағы оқыңыз:

Тарихты өзгерткен қазақ әйелдері