Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынды

Танымал әзілкеш Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

РИА Новости мәліметі бойынша, шешім ресейлік билік тарапынан 30 қаңтарда күшіне енді.

Нұрлан Сабыров Ресей аумағында тапқан ақшасын делдалдар арқылы жылыстатып отырған. Сонымен қатар Сабыровтың Ресейде жалпы құны 60 миллион рубль болатын жылжымайтын және өзге де мүліктері бар, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Тюмень және Обнинск қалаларында ақпан айына жоспарланған қойылымдары тоқтатылды. Әзілкеш бұл жағдайға қатысты пікір айтпады.

Айта кетейік, бұған дейін Нұрлан Сабыров саяси тақырыптарға байланысты сынға ұшырап, Ресейде тұру мәртебесімен байланысты мәселелерге де кезігіп келген. Өткен жылы комик миграциялық заңнаманы бұзғаны үшін ұсталып, 5 500 рубль көлемінде айыппұл төлеген болатын.