Қарағанды облысында орынбасарымен төбелесіп, басы дауға қалған Серік Сәпиев қызметінен кетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқиғаға қатысты Қарағанды облысының әкімдігі ресми мәлімдеме жасады. Серік Сәпиевпен бірге оның орынбасары да қызметінен кетті.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасында ведомство басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов өз еркімен атқарып отырған лауазымдарынан босатылды, – делінген әкімдік хабарламасында.
Еске салайық, 23 қаңтарда олимпиада чемпионы, Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевті орынбасары Дәурен Есімхан ұрып жібергені туралы ақпарат тараған.
Кейін Қарағанды облыстық полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Дәурен Есімханның үстінен «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Оқиғадан кейін, боксшы әлеуметтік желіде даулы жағдайға қатысты түсініктеме берді.
