Шымкентте аудандық полиция басқармасының бұрынғы бастығы аса ірі көлемде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қаланың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты үкім шығарды. Сотта қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс қаралды.
Тергеу материалдары бойынша, Тұран аудандық полиция басқармасын басқарған азамат Т. қызметтік өкілетін пайдаланып, өз өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша күдіктінің айыптау бабын жеңілдетуге уәде берген. Ол бұл әрекеті үшін 6 миллион теңге көлемінде пара алған.
Сот отырысында куәлардың айғақтары, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері, сараптама қорытындылары және заттай айғақтар зерттелді. Ұсынылған дәлелдер сотталушының кінәсін толық растады. Мемлекеттік айыптаушы соттан Т.-ны өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырып, алты жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сотталушы өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды талап етіп, сотта жауап беруден бас тартты, — делінген хабарламада.
Сот Т.-ны қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар ол шенінен айырылды.
